Қазан айында өтетін «Қызғылт қазан» ақпараттық науқаны аясында №7 қалалық емханасының мамандары сүт безі обыры туралы тұрғындардың хабардарлығын арттыруға бағытталған түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Бұл бағытта әйелдер консультациясы бөлімінің акушер-гинеколог дәрігері Ақсәуле Қанатқызы Хасенова мен әйелдерді қарау кабинетінің дәрігер-терапевті Луиза Бахтияровна Абдулкасимова тұрғындармен және емделушілермен жеке кездесулер өткізіп, ауруды ерте анықтаудың маңызы жөнінде ақпарат берді.

Кездесу барысында дәрігерлер сүт безі обырының бастапқы кезеңде айқын белгілерсіз өтуі мүмкін екенін түсіндіріп, профилактикалық тексерулерден уақытылы өтудің қажеттігіне назар аударды. Сондай-ақ денсаулықтағы күмәнді өзгерістерді елемей жүрмей, дәрігерге дер кезінде қаралу керектігін ескертті.

Мамандардың айтуынша, ауруды ерте анықтау емдеу мүмкіндіктерін кеңейтіп, асқыну қаупін төмендетуге ықпал етеді. Сондықтан өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, дәрігер ұсынымдарын орындау мен тиісті тексерулерден өту маңызды.

«Қызғылт қазан» науқанының негізгі мақсаты – сүт безі обырының алдын алу және ерте диагностика туралы ақпаратты кеңінен таратып, тұрғындардың денсаулық мәдениетін қалыптастыру.