Дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыру – салауатты өмір салтының маңызды бөлігі. Осыған орай, 16 қазан – Дүниежүзілік дұрыс тамақтану күні қарсаңында №7 қалалық емханасының мамандары тағам таңдаудағы сауаттылықты арттыруға бағытталған түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Емхананың салауатты өмір салты жөніндегі мейіргері Роза Расмамбетова мен психолог Сабира Нұржанова №22 орта мектепте «Дұрыс тамақтану – заманауи өмір ұстанымы» тақырыбында лекция-семинар өткізді. Мамандар дұрыс тамақтанудың денсаулыққа әсерін түсіндіріп, дәрумендер мен ақуыздардың ағза үшін маңызына тоқталды.

Ал «Болашақ жас аналар» мектебінің акушері Жамиля Бешлиева болашақ аналарға жүктілік кезіндегі тамақтану ерекшеліктері жөнінде дәріс оқыды. Кездесуде ана мен баланың саулығы үшін теңгерімді тамақтанудың маңызы айтылып, қажетті қоректік заттарды тұтынуға қатысты кеңестер берілді.

Сонымен қатар емханаға келген ата-аналарға дұрыс тамақтанудың негізгі қағидалары түсіндірілді. Мамандар пайдалы тағамды таңдау мен тамақтану тәртібін сақтаудың денсаулықты нығайтудағы рөлін атап өтті.