Сүт безі обыры – әйелдер денсаулығына төнетін күрделі қауіптің бірі. Бұл дертпен күресте ауруды ерте анықтау, алдын алу шараларын күшейту және халықтың медициналық сауаттылығын арттыру айрықша маңызға ие. Осыған орай, №7 қалалық емханасының мамандары «Қызғылт қазан» ақпараттық науқаны аясында тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.

15 қазанға орай ұйымдастырылған шаралар барысында медицина қызметкерлері сүт безі қатерлі ісігінің даму қаупін арттыратын факторлар, ауруды бастапқы кезеңде анықтау жолдары және маммографиялық скринингтің маңызы жөнінде кеңінен ақпарат беруде.

Жалпы практика дәрігері Вейсал Мералиев, маммолог Жадыра Момбаева және әйелдерді қарау бөлмесінің мейіргері Гүлнар Топжарғанова тұрғындармен әңгіме-дәрістер өткізіп, сүт безі обырының қауіп факторлары мен ерте диагностиканың мүмкіндіктерін түсіндіруде. Ал психологтар Лаура Касенова мен Сабира Нуржанова ауруға қатысты психологиялық қолдаудың маңызын түсіндіріп, тұрғындардың сауалдарына жауап беруде.

Салауатты өмір салты кабинетінің мейіргері Роза Расмамбетова емханаға келушілер мен тұрғындарға тақырыптық үнпарақтар мен ақпараттық бүктемелер таратуда.

«Қызғылт қазан» – күнтізбедегі белгілі бір кезеңмен шектелетін науқан ғана емес, әйелдер денсаулығына қоғам назарын аударуға бағытталған маңызды бастама.